Қазақ билігі «Алаш» атауынан әлі жасқанады

Бұдан 92 жыл бұрын, 1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығында, Орынборда ІІ жалпықазақ құрылтайы өтті.

Делегат ретінде 81 адам қатысқан құрылтайдың күн тәртібінде қазақ қоғамы үшін аса өзекті болған жер, білім беру, милиция, т.б. барлығы 10 мәселені қаралды. Құрылтай Қазақ автономиясын жариялауды қолдап дауыс берді.

Қазақ автономиясының құрамына сол кездегі Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарқан облыстары, Әмудария, Закаспий облыстарындағы қазақ уездері және Алтай губерниясындағы қазақтар кіретін болып белгіленді. Жаңадан құрылған автономия «Алаш», ал Ұлт кеңесі – Үкіметтің атауы «Алашорда» болып бекітілді. Алашорданың уақытша орны – Семей қаласы деген ұйғарым жасалды.

Балама негізде өткен сайлауда Алашорда үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейхан сайланды. Үкіметтің құрамына сол кездегі қазақ зиялылары енді.

Бірақ олар көзі тірісінде асқақ арманына жете алмады, Ресейде билікті басып алған большевиктер өкіметі Алашорданың қызметіне тыйым салып, кейіннен алаш зиялыларын түгелдей «халық жауы» деген жаламен атылып, түрмеге қамалып, жақын-жуығымен қоса репрессияға ұшырады.

Алаш зиялылары арман еткен тәуелсіз мемлекет Қазақ жерінде тек осы құрылтайдан соң арада 74 жыл салып құрылды. Соншама жыл Советтер одағының құрамында болып келген советтік Қазақстан тек совет мемлекеті тараған соң ғана, Одақта болған 15 республиканың ең соңы болып тәуелсіздік туралы декларацияны жариялады.

Жаңа мемлекетті басқару тізгіні бұрынғы советтік компартия басшыларының қолында қалды.

Бірақ, осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын қазақ халқының тәуелсіздігі үшін патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы ұлттық күресті бастап, еуропалық даму жолына негізделген мемлекет құруды арман еткен алаш зиялылары мемлекеттік деңгейде ескерілмей келеді.

Алашорданың құрылған, Алаш құрылтайының шақырылған күндері мемлекеттік дәрежеде атап өтілген емес. Алаш қайраткерлерінің мұрасын жинастыру, қызыл қырғын кезінде атылғандардың, айдауда өлгендердің сүйегі қайда қалғанын іздестіру секілді мәселелер жекелеген азаматтардың еншісіне қалып отыр.

Тәуелсіз Қазақстанда Астананың туған күні немесе бәленбай жазушының мерейтойы деп жылда дүркіретіп өткізіліп жататын сән-салтанатқа жиналатын жоғары шенді ұлықтардың ешқайсысын Алашорда тақырыбына жетім қыздың тойындай болып өтетін шаралардан көрмейсіз. Оның мысалы осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда Алашорданың 90 жылдығы қалай аталып өткізілгендігінен аңғарылды.

Дәл қазіргі уақытта Қазақстанның астанасынан қызыл репрессия құрбандарының, немесе ашаршылықта шыбындай қырылған қазақтың тарихын өскелең ұрпақтың жадына салу мақсатымен қойылған ескерткіш таппайсыз. Советтік билік кезіндегі саяси-қуғын сүргін құрбандарына арнап 1997 жылы Астанада орнатылған ескерткіш, «бұл жердегі архитектуралық үйлесімді бұзып тұр» деген желеумен осыдан екі жыл бұрын қаладан отыз шақырым жерге көшірілген, қазір ол ескерткіштің орнында Қазақстанның үлкен туы ілініп тұр. Сондай-ақ Астанада қазақ елінің тарихына арналған өзге ескерткіштер кешені бой көтерді, оларға қатысты дау да шықты.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындай емес, қазір советтік кезеңдегі қазақ тарихына жаңаша көзқараспен қарап, тиісті бағасын беруге бірен-саран тарихшы ғалымдар мен жекелеген ізденімпаздар болмаса қазіргі билік басындағылар онша құлықты емес секілді.

Мысалы, кешегі Алаш зиялылары сынды миллиондаған адамның жаны мен тәнін азаптап, өмірін қиған сталиндік билікті Гитлердің нацистік режиммен теңестірген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ұстанымы тәуелсіз Қазақстан басшылығындағыларға жақпай қалды.

Ажалы кешегі большевиктерден болған алаштың құнын сұрау Кремльдегілерге ғана емес, Астананың төрінде отырғандарға да жақпайтын секілді. Қазақ халқы секілді Советтер одағының құрамында болып, кейін тәуелсіздігін жариялаған Украина секілді елдер ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылықты өз халқына қарсы «геноцид» деп танып, айыптап жатқанда Қазақстан билігі қаймана қазақ үшін дәл сондай «большевиктік нәубет» болған кезеңге саяси баға беруді талап еткен қоғамдық пікірге меңіреу кейіп танытып отыр.

Мүмкін бұл, кешегі совет заманынан қатып-семіп қалған таным-түсінікке байланысты болар? «Алаш», «Алашорда» деген сөзді қолдан құбыжық етіп көрсеткен коммунистік саясатты жүргізген, сол идеологияны дәріптеп билікте мансабы өскендер Астанадағы үлкен кабинеттерде әлі отыр емес пе?

EduCamp Almaty 2009

Сіз Twitter-ге жазасыз ба, facebook-те парағыңыз бар ма? Кейбіреулер үшін әңгіме не жайында айтылып тұрғаны түсініксіздеу болса, бәзбіреулер үшін бұл айтылғандар күнделікті өмірде пайдаланатын дағдылы нәрсеге айналған.

ХХІ ғасырда жаңа технологиялардың көз ілеспес жылдамдықпен дамуының арқасында адамдардың бір-бірімен, барша әлеммен танысу барынша жеңілдей түсті. Күнделікті қолданып жүрген зат-құралдардың мүмкіндіктері барған сайын кеңеюде.

Мысалы, кәдуілгі мобильді телефонды алып қарайық. Осыдан небары 15-20 жыл бұрын тек шетелдіктердің қолындағы қымбат зат саналған қалта телефонын қазірде тек тілдесетін ғана емес, сонымен бірге жұмыс бабында сұхбат берушінің сөзін жазып алатын диктофон ретінде, оқиға, көріністі суретке, видеоға түсіретін құрылғы, сондай-ақ дүниенің басқа бұрышында жүрген адамға хат жолдайтын байланыс құралы ретінде пайдалану үйреншікті іске айналды.

Сол секілді қазіргі кезде интернет арқылы дүниенің кез-келген бұрышынан ақпарат алып, жолдау көзді ашып жұмғанша атқарылады. Ол үшін толып жатқан арнайы платформалар қызметін тегін пайдалануға болады. Жоғарыда айтылған Twitter, facebook солардың қатарынан.

Әсіресе, жастар белсенді пайдаланушылар санатында. Дегенмен, жаңа технологияның тамаша мүмкіндіктері орта буын өкілдерін де бей-жай қалдырмайтындығы байқалады. Асылы, білмегенге құмарту жас пен жасамысқа ортақ қасиет болса керек.

Алматыда ҚМЭБИ-де (KIMEP) өткен «EduCamp Almaty 2009 — New Media Weekend» арнайы тренингін ұйымдастырушылар жаңа медияға қызыққандарды тегіс шақырған соң бұл жайында аз-мұз біліміді кеңейту үшін, ең бастысы, ол жерге кімдер жиналатынын білмекке мен де бардым.

Жиналғандардың көпшілігі жастар екен, әйткенмен, бірен-саран болса да орта жастағылар да келіпті (арасында өзім де бармын :)).

Жас шамасы, кәсібі, қызығушылығы, көзқарасы әртүрлі, тіпті, кей жағдайда мүлдем бір-бірімен кездесе қояды-ау деп ойламайтын мамандық иелерін екі күн бойы таңертеңнен кешке дейін бір жерге жигналып, басын біріктірген тақырып – әлеуметтік желілер мен микроблогтар, жаңа медия жайында болды.

Мен үшін бір қиындығы қызықты тақырыптар бойынша бір мезгілде екі бірдей секциялардың жұмыс істеуі. Амалсыз біреуін таңдауға тура келді.

Аптаның соңындағы екі күн демалысты қиып, жиынға басынан аяғына дейін қатысушылардың ықыласына қарағанда, қазақстандық интернет пайдаланушылардың видео-блогтар жиынтығына айналып отырған киви порталы, профессор Кена Харвей өткізген дәріс, Жанна Прашкевичтің nur.kz сайты туралы таныстырылымы, BarCamp Central Asia 2009 командасының мүшелері Елена Жетпіспаева мен Инесса Шлапактың баяндаулары жұрт үдесінен шыға алған секілді.

3G стандартындағы байланыс интернет пайдаланушылардың қатарын көбейтеді

Жаңа технология саласындағы жаңалықтарға құлағы түрік жүретін Астанадағы танысым: «Есіттің бе, ақпараттандыру агенттігі 3G стандартын жылдың аяғына дейін қосатын бопты ғой, бұйыртса, ендігі жылы жай ғана сөйлеспей, бір-бірімізді көріп отыратын болармыз » деді телефон арқылы тілдесіп отырып.

Әйтсе де «әй, қайдам, осыған дейін де талай рет айтылып жауыр болған байланыстың бұл стандарты қазақ даласына тасбақаша жыбырлап жете алмай жүр ғой. Әйтеуір келесі жылдан көшетін болдық дегенді жылда естиміз. Кім біледі, егер Есекеев мырза сөзінде тұрса, шынымен біз де көріп қалармыз», деген күмәнін де жасырмады.

Бұған дейін қорғаныс министрлігінің иелігінде болған жиіліктерді әскерилерден алу осы мәселедегі басты түйткіл екендігі жазылған болатын.

Әйткенмен, жалғыз қазақтар емес, іргедегі үлкен көршіміз Ресейдің астанасындағы жұрт та бұл стандартқа қол жеткізе алмай ұятты болып жүргенін сол елдің президенті Медведевтің өзі айтқаны бар-тын.

Алайда, Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстанның өзге көршілері 3G стандартын осыған дейін енгізіп алған, қазір байланыс аумағын кеңейту үстінде.

Мамандар 3G стандартының қолданысқа енгізілген соң Қазақстанда мобильдік телефон арқылы интернетке енетіндердің саны артады деген болжам айтады.

Тағы да сол Қуанышбек Есекеевтің есептеуінше, интернетке дербес компьютердің көмегімен кіретіндердің саны 1,6 миллион болса, елдегі мобильдік телефон байланысын пайдаланатындар саны 15 млн-ға жақындап қалғаны тіпті осыдан бір жыл бұрын хабарланған болатын.

Қазақстандағы байланыс операторлары 3G стандартына көшуге дайын екендерін талайдан бері айтып келеді. Енді ше, бұл саладағы жаңа мүмкіндіктер қызмет ұсынушы компаниялардың табыс көлемін арттыруға жол ашпақ. Ресми орындардың мәліметінше, елдегі 4,5 миллионнан астам интернет пайдаланушылардың 3 миллионы ғаламторға мобильдік байланыс құралы арқылы кіреді екен. Соңғы төрт жылдың ішінде осы саладағы табыстың көлемі 100 миллионнан 400 миллиард теңгеге дейін өскен көрінеді!

«Еліміздегі жаңа технологиялар индустриясына тиісті қолдау жасау арқылы табыс көлемін 25 пайызға дейін, яғни 1 миллиард долларға дейін жеткізуге болады», – деген болжам жасаған еді осыдан бір ай бұрын Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің жетекшісі Қуанышбек Есекеев.

Алайда оның айтуынша, әзірге Қазақстанда бір де бір компания 3G желісін пайдалануға лицензия алмапты.

Ал лицензияның талаптары бойынша, 3G стандартындағы байланыс желісі Қазақстанда алдымен Астана және Алматы қалалары мен бірқатар облыс орталықтарында қолданысқа енгізілетін болады.

Хатыңызды бөтен біреу оқып отырған жоқ па?

Қазақстанның Негізгі заңындағы 18-бапта әрбір азаматқа жеке хат құпиясын сақтауға кепілдік берілген. Бұл құқықты шектеуге заңда тiкелей белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiлетіні жазылған. Мәселен, заңгерлердің түсіндіруінше, сот үкімімен қамауда отырғандардың хаты оқылуы мүмкін. Ал, одан басқа жағдайда сол кепілдікті кім, қандай жағдайда шектей алады? Адам құқығын қорғаушылар Қазақстанда мемлекеттік мекеме жеке адамның әлгіндей құпиясына қол сұғып қана қоймай, оның электронды пошта жәшігінен жазған хатының мазмұны үшін қылмыстық жауапқа тартып жатқанын айтып, дабыл қағып отыр. Ал, құқықтық тұрғыдан қарағанда, заң талаптарын өрескел бұзып алынған дерек негізінде адамды жауапқа тартуға бола ма? Бұл оқиға өте қауіпті жайтты аңғартып отырғандай: Оруэллдің «1984» романындағы «Үлкен ағай» секілді сізді сыртыңыздан үнемі қадағалап, кез-келген адамның хатына сұқтанып отырған бөтен көз бар. Қажет деп тапқан жағдайда мемлекет азаматтың конституциялық құқығын еш қымсынбастан бұзып, керек болса, оған қарсы жазалау шараларын қолдана алатынының куәсі боп отырмыз.

Қазақ тілінде блог бастау

Бүгін Алматыдағы бір топ қазақ журналистері ана тілінде блог жүргізу жолымен танысып отырмыз